Ассамблеяның орнына Қазақстанның Халық кеңесі құрылатын болды. Оның құрамына 126 адам енеді. Бұл туралы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында мәлімдеді. Мемлекет басшысы Халық кеңесі елдің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болатынын айтты.

Қазақстан халқы ассамблеясы мен 2022 жылы құрылған Ұлттық құрылтайдың орнына Халық кеңесі атты жаңа орган құрылады. Президент Ұлттық құрылтайдағы сөзінде реформалардың жаңа кезеңінде Қазақстанға қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты жалпыхалықтық диалог жүргізуге арналған кең ауқымды алаң қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл платформа ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосатын негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды біріктіретінін жеткізді.


ИКРАМ ХАШИМОВ, ҚХА КЕҢЕС МҮШЕСІ, «ҚҰРМЕТТІ ТӨРАҒАСЫ»
 Бұл кеңес – кеңес беретін орган. Оның құрамына 126 адам кіреді, барлығын Мемлекет басшысы өзі тағайындайды. Сондықтан Халық кеңесіне үлкен миссия жүктеліп отыр. Бұл – елдің тыныштығы мен бірлігі. Осы реформалар аясында біз Жаңа Қазақстанның жаңа дәстүріне қадам бастық. Барлық этнос өкілдері бұл бастаманы қолдайды.

Халық кеңесі жыл сайын жиналыс өткізетін консультативтік алаң болады және оған заң шығару бастамасы беріледі. Кеңес құрамына 126 адам кіреді: 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі мәслихаттардан, ал 42-сі азаматтық сектор өкілдерінен жасақталады.

ИСЛАМ БАЙРАМУКОВ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ
Кеше ғана жұмыс отырысында Ассамблеяға қатысты мәселелер көтерілді. Сол кезде әріптестеріме жаңа бағытта жұмыс істеу қажеттігін айтқан едім. Міне, бүгін Ассамблея Халық кеңесіне айналды. Оның құрамына кіретін болдық. Бұл – өте маңызды бастама. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – хан жаңа» дегендей, үлкен өзгерістер болып жатыр. Мұның барлығы халықтың мүддесі мен болашағы үшін. Барлығымыз қуаныштымыз, қолдаймыз.

Мемлекет басшысы Халық кеңесі іс жүзінде өзге елдердің консультативтік құрылымдарының тәжірибесін ескеретін жаңа мемлекеттік органға айналатынын айтты. Оның құрамына барлық этнос өкілдері мен өңірлерден өкілдер мүше болады.