Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, жоғары білімі бар азаматтардың 60 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл туралы халық қалаулысы былтыр Мәжіліс мінберінде мәлімдеген еді. Содан бері не өзгерді? Жастар неге төрт жыл оқып машықтанған саласы бойынша қызмет атқаруға құлықсыз? Сюжеттен көріңіз.
Мемлекеттік басқару мамандығын төрт жыл оқыған Эльмира Пернебек қазір кондитер болып жұмыс істейді. Өз саласы бойынша қысқа мерзім еңбек еткен ол әкімдік жұмысынан тез қажыған. Қағазбастылық пен қауырт жұмыстан жалығып, жаны сүйген салаға ауысқан. Бұл байламға келуге қаржылық қажеттілік те себеп болған көрінеді. Сөзінше, қазіргі қызметі арқылы ол бұрынғы жұмысынан 2–3 есе көп табыс табады. Бірақ кейіпкеріміз қазір өзі жұмыс істемейтін саланы төрт жыл оқығанына өкінбейді. Қайта пайдалы болғанын айтады.
ЭЛЬМИРА ПЕРНЕБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Жоғары оқу орынын аяқтап, ол диплом маған қажетсіз болып қалды деген сөз емес. Ол жерде мен қазіргі мамандығыма да септігін тигізетін білімдерді алдым. Жоспарлауды үйретті, қаржылық сауатымды арттырды, адамдармен қалай сөйлесу керегін үйретті.»
Ел ішіне еніп, халық пікіріне құлақ түрдік. Бірі мамандықты ата-анасының қалауымен таңдап, оған икемделе алмадым десе, енді бірі сүйіп таңдаған саласының жалақысы мардымсыз болғанын айтады.
– «Музыкалық мектепте оқығанмын. Қазір теміржолда жұмыс істеймін. Өйткені өз мамандығыма сүйіп түспегенмін.»
– «Қазір өзім жақсы көретін мамандық бойынша жұмыс істеп жүрмін.»
– «Қай жерде көбірек жалақы береді, сол жерге барады жастар. Айлық аз жерде қалай күн көреді? Бала-шағаны асырау керек.»
– «Өмір сондай болып кетті ғой. Өз оқыған мамандығым бар, бірақ онымен жұмыс істеген жоқпын. Қазір басқа саладамын.»
– «Ата-анамның ықыласымен түскен соң қазір ол мамандықпен жұмыс істеуге құлшынысым жоқ, десе де болады.»
– «Қазіргі таңда азаматтар өзі оқыған саласы бойынша көп ақша таба алмай, басқа мамандыққа ауысып кетеді.»