«Ордабасы» футбол клубы жаңа алаңда жаттығатын болды.  Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Бадам су қоймасының маңынан заманауи оқу-жаттығу өткізілетін көпфункционалды спорттық базасы ашылды.   Іс-шарада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа нысанның материалдық-техникалық базасымен танысып, жаттықтырушылармен, спортшылармен кездесті.

Қала әкімі жаңа спорт нысанының бұқаралық және кәсіби спортты дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті. Халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлауда заманауи инфрақұрылым құрудың маңыздылығына тоқталды. Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрден асатын жаңа спорт базасында табиғи және жасанды футбол алаңдары, екі жаттығу залы бар. Кешен аумағында қонақ үй де жұмыс істейді.


БЕКХАН ШАЙЗАДА, ФУТБОЛШЫ
Біздің командамыз қуанышты. Енді өзіміздің базамыз болады. Қазір келіп қарадық. Енді Түркияға оқу жаттығу жиынына барып келгеннен кейін дайын болады дейді. Бізге бәрі ұнап жатыр.

Аумақты абаттандыру аясында ауқымды жұмыс атқарылған. Жаңа футбол алаңдары салынып, жолдарына асфальт төселген. «Бадам» су қоймасының жағалауы нығайтылып, инженерлік желілер мен ғимараттардың бөлмелері жаңартылған. Жаңа нысан мегаполис футболшыларын шыңдайтын орталық болмақ.


ЕРМҰХАМЕТ МӘУЛЕН, ОРДАБАСЫ ФУТБОЛ КЛУБЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ
Ордабасы футбол клубы бұл кез келген европалық командалар секілді өзінің базасында шынығатын болады.  Негізгі команда ғана емес біздің жастар командасы бар қосалқы команда да солардың жаттығу жұмыстары осында өтуі әбден ықтимал.

 Жаңа нысанда спортшыларды республикалық және халықаралық жарыстарға даярлау үшін барлық заманауи мүмкіндіктер жасалған. Жаңа спорт базасы қаладағы спорт инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Сонымен қатар, жаңа нысан жас спортшыларды өз кәсіби шеберлігін дамытатын, таланттарды шығаратын маңызды алаң болмақ.