Бұған дейін Ұлттық құрылтайдың төрт отырысы өтті. Оның ықпалымен 26 заң жобасы қабылданды. Республика күні ұлттық мереке болып бекітілді. Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Әйелдер мен балаларды қорғау, есірткімен күрес шараларын күшейту, лудоманияға шектеу қою сынды бірқатар бастама қолға алынды. Ұлттық мүдде ұлықталып, елдің алдағы жоспары айқындалды. Кезекті құрылтайда не айтылды, қандай мәселе көтерілді?

Сенат депутатының айтуынша, құрылтай – елдің өткенін сараптап, бүгінін бағамдайтын, ертеңіне жоспар құратын маңызды саяси алаң. Бес жыл ішінде мұнда көптеген мәселе көтеріліп, шешімін тапты. Оң өзгерістерге жол ашып, түйткілдерді тарқатуға ықпал етті.

БИБІГҮЛ ЖЕКСЕНБАЙ, ҚР СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Кез келген сала бойынша нақты жұмыс істейтін заңдар өмірге келіп, сол заңдарға халық өкілдері, соның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері бастамашы болды. Бұл құрылтайдың рөлін айқындай түседі.

 Ел боламын десең, бесігіңді түзе. Өскелең ұрпақтың білімді, білікті азамат болып қалыптасуы -  ел дамуының негізгі драйвері. Бес жыл ішінде Ұлттық құрылтай ғылым мен білім мәселелерін де кеңінен талқылап, салаға серпін берді.

 ҰЛЖАЛҒАС ӘШІМҚЫЗЫ, Ө. ЖӘНІБЕКОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ:
Кеше секция отырыстары өтті. 200-ден аса ұсыныс түсті. Білім және ғылым саласына қатысты өзекті мәселелер көтерілді.

 Кезекті құрылтайда да елдік мәселелер қозғалды. Мемлекеттік кеңесші қызметі алынып тасталып, вице-президент лауазымы енгізілетіні айтылды. Шымкенттегі дүрбелеңге ерекше назар аударып, сот процесінің әділ өтуін қадағалау тапсырылды. Парламенттік реформа жобасы талқыланып, жаңа жүйеде депутаттар саны қандай болатыны белгілі болды.