Құрылтайда айтылған «Сарыағаш айналма жолы» стратегиялық маңызға ие. Логистикалық дәліз «Алматы–Термез» тас жолының негізгі бөлігі болып саналады. Сондықтан бұл құрылыс Қазақстан мен Орталық Азия арасындағы транзит әлеуетін арттырады. Оған қоса еліміздің оңтүстігіндегі 500 мыңнан астам халықтың облыс орталығымен байланысын жақсартады.
ҚАНАТ ЖҮНІСБЕК, ТІЛШІ
Сарыағаш айналма жолының стратегиялық маңызы өте зор. Өйткені оның арғы жағында оңтүстіктің 4 бірдей ауданы жатыр. Онда 500 мыңнан астам халық бар. Оған қоса Өзбекстанмен шекаралас аймақ. Бұл осы маңдағы жол үстінде болып жатқан кептелістердің шешуіне негіз болмақ.
Өзбекстандық жүргізуші Гайрат Усманов автобанмен көбірек жүреді. Бұл жолы да Сарыағаштағы «Қонысбаев» шекара бекетіне бара жатыр. Батыстан оңтүстікке жол тартқан шетелдік азамат Өзбекстанның «Яллама» бекетіне жеткенше біршама қиындықтар бар, дейді.
ГАЙРАТ УСМАНОВ, ӨЗБЕКСТАН АЗАМАТЫ
Қазақстан арқылы Сарыағаштан Өзбекстанның «Яллама» өткізу бекетіне дейін кең жолақты айналма жол салынатын болғаны өте жақсы. Өйткені Сарыағаштың ішінен өтерде қиналамыз. Көлігіміз үлкен, жол тар, кептеліс көп. Ол уақытымызды алады. Басқа жолдары логистикасы жақсы Қазақстанның.
Жол құрылысы Қабланбек елді мекенінен басталып, Қызыләскердегі «Б. Қонысбаев» кеден бекетіне дейін жалғасады. Тас жол бойында 9 дана жолайрық, 26 көпір, 11 теміржол өткелі, 4 демалыс алаңы және 10 ақылы жол аркасы орнатылады. Айналма жол халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардың экономикалық әлеуетін көтеріп, 4 бірдей аудан тұрғындарының барыс-келісін жақсартады.
ҰЛТУАР ЖОЛБАРЫСОВА, МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Мен Кировтың тұрғынымын. Жол салынса, кептеліс онша болмас па еді. Айналып тез барып қалар едік ауылымызға.
МАРАТ ЖОРАБЕКОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Мысалы, Жетісай, Шардаралықтардың Шымкентте тірлігі болатын болса, сол осы бір ғана жолмен келеді. Бірақ жолда кептеліс болады. Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан – бәрі осы жолмен жүреді. Көп тиімді. Транзит машинаның бәрі сыртпен кетеді.
ӘНУАРБЕК НҰРМАНОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ
Осы жерден Жетісайға жүретіндер өте қиналады. Уақыт созылып кетеді. Кешігіп барамыз. Жүк көліктері барлығы бір-бірінің артына тұрып, ешкім ешкімнен оза алмайды.
Айналма жол Қазақстан мен Орталық Азия арасындағы транзит әлеуетін екі есе арттырады. Демек халықаралық көлік дәлізіне түсетін ауыртпалық та артады. Ол үшін сапаға ерекше мән беру маңызды болып тұр.
ҚАЙРАТ САҒЫНТАЕВ, ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ ТҮРКІСТАН ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Бұл Өзбекстан шекарасымен түйісетін республикалық маңызы бар трасса. Жолмен күніне мыңдаған ауыр жүк көліктері өтеді. Сондықтан сапаға ерекше мән беріледі. Түркістан облысында былтыр зертханалық талдаулардан кейін сапасыз салынған 44,5 км жол қайта төселді.
БОЛАТ АСЫЛБЕКОВ, МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Мырзашөл, Мақтаарал өңіріненмін. Біздер мынау неше жылдан бері такси жүргізушісі болып жұмыс істейміз, халыққа қызмет көрсетеміз. Осы Шымкенттен Сарыағаш, Қапланбекке дейін тез барып қаламыз. Ары қарай жол кептелісі, үлкен көліктердің әсерінен бізге айналма жол түссе деген ойдамыз.
Айналма жол еліміздің халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайтады. Сондықтан жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуы мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұр.