Түркістанда шахматтан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты басталды. Дүбірлі сынға еліміздің барлық өңірінен 1052 спортшы тіркеліп, сынға түсуде. Чемпионаттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.


«2023-2027 жылдарға арналған шахматты дамытудың жол картасы» аясында Түркістан облысында нақты әрі нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда облыстағы 20 спорт мекемесінде шахматтан 97 жаттықтырушы 2 мыңнан аса спортшымен тұрақты оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Түркістан облысы соңғы жылдары шахматтан республикалық және халықаралық жарыстарды ұйымдастыратын орталықтардың біріне айналды. Тұрақты қолдаудың арқасында өңір шахматшыларының жетістіктері де көбеюде. Атап айтар болсақ, Асылхан Асия қарындасымыз 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2025 жылғы Азия чемпионы атанды. Сұлтанхан Нұрислам жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды. Басқа да жас спортшыларымыз түрлі жарыстарда жеңістерімен қуантып жүр.


ҚР Шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов Түркістан төріндегі жарыстың ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалады. Ол осы чемпионат арқылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы жасақталатынын айтты.


МАРАТ ЕСЕНОВ, ҚР ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
Президентіміздің қолдауының арқасында, үкіметтің шешімі шықты 2027 жылға дейін шахматты дамыту жөнінде. Осы бағытта біраз бағдарлама қабылданды. Жас таланттарды қолдап жатырмыз. Былтырғы жылды қорытындыласақ, әлем, Азия чемпионаттарында біз 152 медальға ие болыппыз. Оның ішінде 52-і алтын, 32-і күміс, 38-і қола медаль. Бұл үлкен жетістік.


 Ел чемпионаты 10 күнге созылады. Ұлдар және қыздар арасында 6, 8, 10, 12, 14, 16 және 18  жасқа дейінгі санаттар бойынша классика, рапид және блиц түрлерінен медальдар сарапқа салынады. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 15 млн 120 мың теңге. Әр жас санаты бойынша бірінші орынға – 250 мың, екінші орынға  – 150 мың, үшінші орынға – 100 мың теңге тапсырылады.