Биылғы Ұлттық құрылтайда елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірнеше маңызды өзгеріс қаралды. Вице-президент лауазымын енгізу, бір палаталы парламент құру, Ата заңға енгізілетін түзетулер – қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыптар. Саяси жүйедегі жаңалықтарды тілші тарқатады.
- Вице Президенттің енгізілгені дұрыс деп ойлаймын.Мемлекет басшысының атқаратын жұмысы көп.Бұл лауазым енгізілсе, Президенттің жүгі жеңілдейді.
- Иә, әрине, бұл лауазым енгізілуі керек.Президент ішкі саясатпен қатар, сыртқы саясатта да ауқымды жұмыстар атқарады.Екеуі бірлесе отырып, елді дамытады деп ойлаймын.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Енді елімізде жаңа мемлекеттік лауазым – вице-президент пайда болады. Оны Мемлекет басшысы тағайындайды. Бұл бастама парламенттік реформа аясында енгізілмек. Жаңа заң жобасына сәйкес, бір палаталы парламент құрамында 145 депутат болады. Төрағаның үш орынбасары бекітіледі, ал комитеттер саны 8-ден аспайды.
МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Бір палаталы парламент болады. Сенат таратылады. Депутаттардың саны қанша болады деген мәселе көп талқыланды. Меніңше, мәселе санда емес – сапада. Президенттің ұсынысы бойынша 145 депутат болады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Мемлекет басшысының өкілеттігіне қатысты да маңызды өзгерістер бар. Қазіргі заң бойынша Президент өз міндетін атқара алмай қалған жағдайда, оның өкілеттігі Сенат төрағасына берілетін. Енді бұл тәртіп өзгереді. Президент мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі ай ішінде кезектен тыс сайлау өткізіледі.
БАУЫРЖАН ӘЛТЕЕВ, «ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫ» АУМАҚТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Президентке үлкен жауапкершілік жүктелген. Шет елдермен қарым-қатынасты дамыту, халықаралық сапарлар – мұның бәрі бір адамға салмақ түсіреді. Енді осы міндеттердің бір бөлігі вице-президентке жүктеледі.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Парламенттік реформа аясында Ата заңға да елеулі түзетулер енгізіледі. 2022 жылы қабылданған реформалар нәтижесінде Конституцияның 33 бабы жаңартылған болатын. Мемлекет басшысы бұл жолы өзгерістер ауқымы кеңейетінін атап өтті.