Биыл елдің әлеуметтік экономикалық әлеуетін арттыру үшін іргелі жобалар жүзеге асады. Бұл қадам өңірлердің дамуына серпін беріп, халықтың әл ауқатын арттырады деді Мемлекет басшысы. Мәселен, Павлодар облысында Екібастұз бассейнінің энергетикалық қуатын пайдалана отырып, «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жасақталады. Бұл қуат көзін үнемдеуге мүмкіндік бермек. Құрылтайдың төрінде талқыланған өзге де тақырыптар жайлы Әділбек Серікұлы тарқатады.
Сырдың бойы ежелден халық өркениет құрған тарихы терең өлке. Осыдан жүз жыл бұрын Қызылорда қаласында тарихи шешім қабылданып, ұлтымыздың «қазақ» атауы ресми қайтарылды. Енді міне, араға ғасыр салып Алты алаштың анасы атанған өңірде ұлт зиялылары мен игі жақсылары құрылтайда бас қосты.
АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Сонау Сақ дәуірінен салтанаты сарқылмаған, сонау Оғыз дәуірінен ордасы тігілген біздің мемлекеттігіміздің тарихындағы небір тағдыршешті шешімдер қабылданған Қызылорда қаласының төрінде осы 5-ші жиынның өтіп жатуы бұл маңызы күшті деп есептеймін.
Қызылорда - бүгінде қарқынды дамып келе жатқан аймақтың бірі. Президент құрылтайда өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне ерекше тоқталды. Шаһарда жаңа әуежай, 11 мың орындық заманауи стадион бой көтерді. Аймақта үш жылда жүзден аса әлеуметтік-медициналық, мәден-спорттық нысан салынды. Және ең маңызды жоба инвестор есебінен жаңа жылу-электр орталығы жуырда іске қосылады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі.
Ұлттық құрылтай қоғам үніне айналды. Талқы алаңында саяси реформалардан бөлек адам құқығы мен қазіргі қоғамды алаңдатқан өзекті дүниелер туралы да сөз қозғады. Мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарын қорғауға, елді іштен ірітетін зиянды нәрсе, ерсі қылықты насихаттауға тосқауыл қоюға міндетті деді Президент. Осы орайда қыз алып қашу әдет-ғұрпы бүгінде ескірді, «неке институтын қайта қарайтын кез келді»,- деді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамдық азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болу өте маңызды. Заң мен тәртіп бәрімізге ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс.
Елдегі тағы бір өзекті мәселе алаяқтық қылмыстар өршіп барады. Бүгінде шетелде отырып-ақ, Қазақстандағы халықтың маңдай тер еңбегімен жиған ақшасын алдап-арбар алып жатқан деректер көбейді. Сондықтан, мемлекет басшысы алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚР ПРЕЗИДЕНТІ
Әлеуметтік немесе экономикалық болсын алаяқтық қылмыстарға тосқауыл қою керек. Заң мен тәртіпке бағынбағандарды ауыр немесе ұсақ қылмысына қарамай заң аясында жазаға тарту қажет. Бүгінде алаяқтар мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретіндей жағдайға жетті. Сондықтан, құқық қорғау органдарына жедел шаралар қабылдауды тапсырамын.
Мемлекет басшысы мән берген тағы бір маңызды жоба Таза Қазақстан. Бұл жобаны ұрпақ санасына сіңіру маңызды деді Президент. Сондай ақ, мемлекет басшысы қоршаған ортаны сақтау үшін геологиялық жұмыстарды кеңінен қолға алуды міндеттеді.
ӘДІЛБЕК СЕРІКҰЛЫ ТІЛШІ
Соңғы жылдары елімізде көгілдір отын өндірісінің көлемі тұтынушылардың қажеттілігіне жетпей жатыр. Өткен жылы Қазақстан табиғи газдың 18 пайызын шетелден сатып алған. Президент «QazaqGaz» компаниясына геологиялық барлау жұмыстарын жедел жүргізіп, жаңа газ-кен орындарын көбейтуді міндеттеді.