«Соғым – елдік дәстүр». Осындай атаумен қалалық әдет-ғұрып орталығы мен дін істері басқармасы танымдық шара ұйымдастырды. Мақсат – қазақ халқының дәстүрлі өмір салтында ерекше орын алатын соғым дайындау ғұрпының рухани, әлеуметтік және мәдени маңызын кеңінен насихаттау.
Танымдық шара салт-дәстүр орталығының ұлттық залындағы қолөнер шеберлерінің бұйымдарын таныстырумен басталды. Сондай-ақ қазақтың байырғы әдет-ғұрыптарын еске түсірді. Ол үшін арнайы жартылай киіз үй тігілген.
Әрі қарай жиын орталықтың конференция залында жалғасты. Айнала ұлттық нақышта безендіріліп, қатысушыларға дәстүрге сай ауыз тиер ас қойылды.
ГҮЛШАТ ЖАҚАНҚЫЗЫ, ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Қазақтың салт-дәстүрлерімен кеңінен толықтырып таныстырдық. Себебі біздің тұрмыс-тіршілігімізде ұмыт болған дәстүрлеріміз бен жәдігерлеріміз өте көп. Негізгі мақсат киіз үй ішінде қойылған жәдігерлерді, жалпы қазақтың ұлттық құндылықтарын келушілерімізге кеңінен түсіндіру болып табылады.
«Соғым – елдік дәстүр» танымдық шарасына ақ жаулықты әжелер мен имамдар қатысып отыр. Жиында соғымның елдік бірлік пен ағайын арасындағы татулықты нығайтудағы рөлі кеңінен талқыланды. Сонымен қатар соғым дәстүрінің тәрбиелік маңызына, оны жастар санасында қалыптастыруға тоқталды.
ЖҰМАБАЙ ӘБДИЕВ, ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Негізі бұның тарихы Нартуған күнінен бастап пайда болған. Содан бастап дәстүрімізде соғым басы деп айтылады. Бұл тек дастархан басында жиналу ғана емес, ағайын, көршіні бірлікке, ұйытқыға шақыратын дәстүрдің бір түрі болып табылады.
Сондай-ақ танымдық шарада дін өкілдері соғым дәстүрінің ислам құндылықтарымен сабақтастығына тоқталып, дін мен дәстүрдің үйлесімділігі қоғамның рухани тұтастығын нығайтатынын атап өтті.
САМАТ САПАРХАНҰЛЫ, ДІН МЕН ДӘСТҮР БАҒЫТЫНА ЖЕТЕКШІ МАМАН, ИМАМ
Соғым басына жиналғанда ел игілерінен жақсы бата алу, елдің жай-жапсары, осы жылы кім үйленеді, кім қызын тұрмысқа береді, тұрмыс жағдайы қалай, шөп жете ме — жалпы ел мәселесі соғым басында шешілген. Сондықтан осы дәстүрден таймасақ екен. Соғым басындағы әңгіме тұшымды болса, елдің жастары бұзықтыққа кетпейді, қариялар өмірден түңілмейді.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, осындай рухани-танымдық шаралар ұлттық салт-дәстүрімізді сақтауға, қоғамда бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.