Арақсыз ауыл. Абай ауданына қарасты Бозарық елдімекенінің тұрғындары шараптан бас тартқан үлгілі аймаққа айналуды көздейді. Игі бастаманы ауыл қариялары қолға алып, дүкен ұстайтын кәсіпкерлер де қолдап отыр. Тұрғындардың өнегелі жобасы туралы тілші әңгімелейді.

Бозарық елдімекенінде 13 мыңнан астам тұрғын бар. Олардың басым бөлігі жан-жақтан көшіп келіп, Шымкент қаласының шетіне қоныстанған. Ауыл ақсақалдары ақылдаса келе, елдімекенді шарапсыз аймаққа айналдыру жөнінде ортақ шешімге келген. Осылайша алғашқы жұмыстар басталып та кеткен.

АЛМАСХАН ЕСБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Бозарық елдімекенін арақсыз қылсақ дейміз. Келешек ұрпақтың таза болғанын қалаймыз. Мемлекет бизнесті қолдап отыр. Жастарымыз спортпен айналыссын. Осы мақсатта бастама көтеріп жатырмыз.

 Елдімекенде 15-тей дүкен бар. Қариялар кәсіпкерлерге арақ сатпаңдар деп талап қоя алмаймыз дейді. Дегенмен, балаларымыз шарапсыз өмір сүрсін деген ниетпен дүкен иелерімен кездесіп, игі жобаны қолдауға шақырып жүр. Акцияны қолдаған кәсіпкерлер спирттік ішімдіктерге тыйым салу саудаға кері әсер етпейтінін аңғарған.

ҒАНИ АЙТБАЕВ, ДҮКЕНШІ
Арақсыз болғаны өте керемет. Сауданың да берекесі болады. Жүрегің тыныш. Келген клиенттерді күліп қарсы алып, күліп шығарып саламыз.

Жобаны заңдастыру мақсатында Абай аудандық прокуратурасы мен полиция өкілдері шақыртылған. Құзырлы орган қызметкерлері, әкімдік және бизнес өкілдері арасында үшжақты меморандум түзілуде. Келісімде дүкендерде спирттік ішімдіктер сатылмайтыны нақты көрсетіледі. Бозарық тұрғындары алдағы уақытта өзге де дүкен иелерімен ортақ мәмілеге келіп, елдімекенді толықтай шарапсыз аймаққа айналдырмақ.