Түркістанда шахматтан жасөспірімдер мен балалар арасында ел чемпионаты басталды. Интеллектуалды жарысқа Қазақстанның 20 аймағынан 1000-нан аса жас шахматшы келген. Жүлде қоры - 15 миллион теңге. Жеңімпаздар алда өтетін әлемдік бәсекелерге жолдама алады.

Жарыс 7 жас санатында өтеді. Спортшылар швейцар жүйесімен ойнап, 9 турға қатысады. 14 жастағы шахматшы Алтынбек Айару - әлем чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы. Ол Грузияда, Перуда, Грекияда өткен жаһандық жарыстарда қарсыласына шақ келтірмеген. Ел чемпионатын да бұған дейін 4 рет жеңген. Кезекті байқауға тыңғылықты дайындалған ол: «Чемпионмын деп босаңсуға болмайды. Қарсыластардың бәрі мықты», -дейді.

 АЙАРУ АЛТЫНБЕК, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
 «Мен осы жарысты ұтқым келеді. Содан кейін Сербияда өтетін әлем чемпионатын да жеңгім келеді». «Қарсыластардың бәрі мықты. Кім көбірек дайындалған -сол ұтады деп ойлаймын».

Қазақстан шахмат федерациясы жас зияткерлерді қолдап, ынталандырып келеді. Биыл олар 34 үздік шахматшыға арнайы грант табыстамақ. Қомақты сыйақы беріп, жігерлендіреді.

ГҮЛМИРА ДАУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
 «Ол жерде алтын, күміс, қола деген пакеттер бар. Алтын пакет бойынша бір балаға 40 миллион теңге береміз. Күміс пакетте 20 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат тек шахматтық дайындыққа және жарыстарға қатысуға жұмсалады.»

Он күнге созылатын шахмат додасын облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов ашып берді. Қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың әділ өтуіне сенім білдірді.