Ұлттық құрылтайда Президент Шымкенттегі Нұрай Серікбай есімді бойжеткеннің қазасы бүкіл елді дүрліктіргенін айтты. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды. Бас прокурор істі мұқият тексереді. Мемлекет басшысы қыз алып қашу адам ұрлығымен пара-пар, өрескел, жабайы қылмыс екеніне назар аударып, ондай қатігездікке жол беруге болмайтынын ескертті.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, күдікті қызға психологиялық қысым көрсетіп, тұрмыс құруға күштемек болған. Былтыр мұндай әлімжеттік түрі қылмыс санатына жатқызылып, «сталкинг» атты заң нормасы күшіне енді. Енді адамға физикалық күш көрсетуден бөлек, психологиялық шабуыл жасағандар да жазаға тартылады.
ГҮЛМИРА МЕЙІРҚҰЛОВА, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚУ ЗАҢ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ
– «Бұл заң бұрын бізде болмаған. 2025 жылы енгізілді. 115 баптың 2 тарауы болып енді.» «Соңғы кездерде мектептерде, жоғары сыныптарда осындай жайттар көбейді. Ажырасқандар арасында бар екен мұндай нәрсе» «Бұл дегеніміз психологиялық зорлық-зомбылыққа да жатады. Мұның соңы адам өліміне дейін апарып жатқан жағдайлар бар.»
Айта кетейік, Президент сынынан соң Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлға ішкі істер органдарынан шығарылды. Қылмыстық іс аясында барлық мән-жай жан-жақты тексеріледі. Ведомство адам өлтіру фактісімен қылмыстық істің тергелу барысын бақылауына алған. Тергеудің объективті әрі толық жүргізілуі үшін тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.