Көлік жүргізушілері Сайрам тұрғын алабына қарай кептеліссіз қатынап жүр. Себебі елді мекенді қаламен байланыстыратын Момынов көшесіндегі аспалы көпір құрылысы аяқталу үстінде. Ал Тіленшин көшесіндегі жұмыстар әлі де жалғасуда. Маңызды нысандарда атқарылып жатқан істермен қалалық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес мүшелері танысып көрді. Белсенділермен әріптесім тілдесіп қайтты. Толығырақ сюжеттен.


Момынов пен Тіленшин көшелеріндегі көпір құрылысы 400 мың тұрғынның мәселесін шешпек. Қалада күн санап көбейген автокөліктер тар көшелерде кептелістің пайда болуына алып келген еді. Тұрғындар 20 жылдан бері шешілмей келген мәселенің түйіні тарқап жатқанына қуанышты.


БӨГЕНБАЙ ИСАТАЕВ, АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ
Сайрам мен қаланы жалғайтын жол тар болатын. Көліктер теміржолдың екі жағында кептеліп тұратын. Соның алдын алу үшін қала әкімі үлкен аспалы көпір салуды жоспарлады. Астымен пойыз өтеді, үстімен көліктер жүре береді. Бұл бастаманы қариялар атынан қолдаймыз.


ӨРКЕН ӘБДІРЕЕВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ
Көпірді аралап көрдік. Салыстыратын дүние қалмады. Бұл өте керемет көпір. Жасым 91-ге келсе де, мұндай нысанды бұрын көрмедім. Шын мәнінде тамаша жоба.


Шаһарда жаңадан салынған бірқатар нысандарды қоғамдық кеңес пен қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері аралауды дәстүрге айналдырған. Қаланың көркеюіне үлес қосып жүрген арда азаматтар көпір құрылысымен де танысты.


БҰХАРБАЙ ПАРМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ
Басты мақсатымыз – өткен 35 жылда қандай қиындықтар болғанын, бүгін қандай деңгейге жеткенімізді халыққа, жастарға өнеге болсын деп түсіндіру. Мұның бәрін Президенттің тікелей қамқорлығы деп айтуға болады. Қалада 1 миллион 300 мыңнан аса халық тұрады. Автокөлік көп, кептеліс те бар. Қазір мұндай жұмыстар жиі атқарылып жатыр. Көпірдің абаттандыруы мен жарық шамдарын орнату ғана қалды. Наурыз айында толық пайдалануға беріледі деген жоспар бар.


Момынов көшесіндегі аспалы көпір құрылысы 2025 жылдың қаңтарында басталған. Қазір мұнда көлік қозғалысына жол ашық. Автокөліктер кептеліссіз қатынауда. Жоба қаланың шығыс бөлігін орталықпен байланыстырып, көлік тығынын азайтуға мүмкіндік береді.


ӨМІР ҚАЛЫБАЕВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 Бұл көпір қаланың шығыс бөлігіндегі шағынаудандарды тікелей орталықпен байланыстырады. Бұрын жол мен теміржол бір деңгейде қиылысып, пойыз өткен сайын қозғалыс жабылатын. Қазір үстінен көпір салынды. Бұл көлік кептелісі мен экология мәселесін де шешті деуге болады.


Қазіргі таңда Момынов көшесіндегі аспалы көпір құрылысының 80 пайызы аяқталған. Енді жол белгілері орнатылып, жолақтар сызылады. Жауаптылар нысанды алғашқы жартыжылдықта толық пайдалануға беруді көздеп отыр. Ал қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің мүшелері әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралауды алдағы уақытта да жалғастырмақ.