Ережені елемеу. Жылдамдықты арттыру. Телефонға үңілу. Жолда орын алатын қайғылы оқиғалардың басты себептері осылар. Аталған олқылықтардың алдын алу мақсатында бүгін Әл-Фараби аудандық прокуратурасы мен қалалық полиция департаменті бірлесіп іс-шара ұйымдастырды. Жүргізушілерге жол қозғалысы ережелері туралы жадынамалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


Өткен жылы Әл-Фараби ауданында 1822 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Сәтсіз сапар салдарынан 66 адам қаза тапты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 22,5 пайызға артық. Осыған байланысты аудан аумағында жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған кешенді шаралар қолға алынды.


 ҒАЛЫМЖАН ТҰРСЫНБАЙ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ
Қазіргі таңда Әл-Фараби ауданы бойынша 1800-ге жуық жол апаты тіркеліп, 2100 адам түрлі деңгейде жарақат алды. 66 адам қаза тапты. Бұл ұйымдастырылған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.


 Мамандар жол апаттарының негізгі себептерін жүргізушілердің жылдамдықты асыруымен байланыстырады. Сондай-ақ қарсы бағытқа шығу, қауіпсіз қашықтықты сақтамау және жол қозғалысы ережелерін елемеу де апатқа әкеліп соғады. Бұдан бөлек, шаһарда жаяу жүргіншілер тарапынан да заңбұзушылықтар тіркелген.


ЕРБОЛ ОҢАЛБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ЖӘНЕ ЖОЛ-ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ КОМАНДИРІ
Күнделікті түрлі жол-көлік оқиғалары орын алып жатады. Көліктер соқтығысып, бірін-бірі сырып кетеді. Жыл басынан бері осындай 50–60 жағдай тіркелді.


Шара барысында құзырлы орган өкілдері көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кешенді жұмыстар жолдағы тәртіпті нығайтып, қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.


ДӘУРЕН НАХАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Жол ережесін сақтау керек. Осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрген ұйымдастырушыларға рақмет. Барлық талаптарды ескереміз.


Аталған жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып келеді. Құзырлы органдардың мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.