Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және қордаланған мәселелерді жергілікті жерде шешуге бағытталған «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы ұйымдастырған көшпелі мобильдік қоғамдық қабылдау өтті. Бұл - партияның «халыққа жақын болу», «мәселені оқиға орнында шешу» қағидаттарына негізделген жүйелі жұмысының нақты көрінісі.


Партия соңғы жылдары тұрғындардың мәселесін тыңдауда жаңа форматқа көшкен. Бұған дейін ауыл тұрғындары бір мекеме басшысына кіру үшін облыс орталығына барып, кезегін сағаттап күтетін. Ал бүгінде барлық жауапты мекеме өкілдері халықтың өзіне келіп, мәселесіне құлақ асады, дейді саурaндық тұрғындар.


 ҚАНАТ КӨБЕЕВ, САУРАН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Ауылымызда бағаналар ескірген, оларды жаңарту қажет. Сонымен қатар балалар ойнайтын ойын алаңы бар, бірақ тозығы жеткен. Осы мәселелерді көтеріп, жаздырып, қанағаттанарлық жауап алдым. Осындай мобильді қабылдаулар халыққа алдын ала ескертіліп, жиі өткізіліп тұрса дейміз. Себебі көп мәселе ұзақ уақыт бойы шешілмей жүрген.


НҰРМЕТ СҰЛТАНМҰРАТОВ, САУРАН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
 Біздің ауылымызда көшелердің атауына қатысты мәселе бар. Үш көшенің атауы алынып тасталған. Соның бірі Қазақ КСР депутаты болған Зүлфия Сменованың аты. Бұл кісіні кезінде Мұхтар Әуезовтің өзі бағалап, ұсыныс жасаған. Ол адам елге көп еңбек сіңірген. Осы мәселе бойынша түсіндірме беріліп, шешім қабылданатын болды.


Қабылдау барысында ауыл тұрғындары электр жарығы, жер, тұрғын үй, жол, ауыз су, жұмыссыздық, спорт және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, Ж. Жабаев көшесіне жарық шамдарын орнату, Бейбітшілік көшесін асфальттау, балалар спорт алаңын жаңарту, тұрақты жұмысқа орналасу, сондай-ақ энергетикалық сусындарға тыйым салу жөнінде ұсыныстар айтылды.


ПОЛАТ ТҰРСЫНБАЕВ, AMANAT ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Түпкілікті мәселелердің көбі осындай кездесулер барысында шешіліп жатыр. Түскен арыз-шағымдарды саралайтын болсақ, аудан тұрғындарынан негізінен әлеуметтік мәселелерге қатысты өтініштер көп. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, медицина және интернет сапасына қатысты мәселелер жиі көтеріледі. 2025 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша көптеген елді мекендерде жол, ауыз су, электр энергиясы және интернет мәселелері оңтайлы шешімін тапты.


Сонымен қатар суармалы жерлерді үй іргелік мақсатта пайдалану мәселесіне байланысты тұрғындарға заң аясында жан-жақты түсіндірме беріліп, баламалы шешімдер ұсынылды. Бұдан бөлек, 1985 жылы салынған Ахмат Югнаки атындағы мектепке ағымдағы жөндеу қажеттігі, Шекербұлақ ауылындағы спорт алаңының жағдайы, Қарашық ауылындағы құдық суы деңгейінің төмендеуі секілді өзекті мәселелер көтерілді. Әрбір өтініш жеке тіркеліп, бірқатар мәселе қабылдау барысында шешімін тапты.