Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жоспарлы жұмыстар жалғасуда. Мегаполисте тағы 46 отбасы қоныс тойын тойлады. Жалдамалы пәтерлер Асар-2 шағынауданынан табысталды. Кілт табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.
Бұл пәтерлер қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілді. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар, толық емес отбасылар, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Баспанаға қол жеткізген тұрғындар қуаныштарымен бөлісті.
САЛТАНАТ МАХАНБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
2014 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрамыз. Бүгін қуанышымызда шек жоқ, 3 бөлмелі пәтер алдық. Енді бала-шағамызбен, немерелерімізбен осы шағынауданға көшіп келуді жоспарлап отырмыз. Баршаңызға рахмет.
ПЕРИЗАТ ТІЛЕМІСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мен 5 баланың анасымын. 11 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрмын. Бүгін үйімнің кілтін алып отырмын. Әкімдікке үлкен алғысымды білдіремін.
Жалпы, өткен жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін нарықтан 1 529 пәтер сатып алынған. Қазіргі таңда олардың бір бөлігі балансқа қабылданып, қалған пәтерлерді тіркеу және «Отбасы банк» АҚ арқылы бөлу жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері бөлінген 235 пәтердің 117-сі тұрғындарға табысталды. Қалған пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға жақын арада беріледі.
ДӘУРЕН САУДАБАЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШҚФ ДИРЕКТОРЫ
Алдағы аптада кезегі келген азаматтарға тағы да тұрғын үйлер беріледі. Олар алдымен хабарлама алады. Одан кейін таңдаған пәтерін нақтылауы қажет. Кезекте тұрған азаматтардың барлығы «Өркен» порталында түгендеуден өтсе, арендалық немесе кредиттік тұрғын үйді жылдам алуға мүмкіндік туады.
Айта кету керек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкентте 1 381 000 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл тұрғын үй құрылысының тұрақты дамып келе жатқанын және Мемлекет басшысының халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының нақты орындалып жатқанын көрсетеді.