Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арал теңізін сақтау мәселесінің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Президенттің айтуынша, Арал проблемасы тек бір өңірдің ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ мәселесіне айналып отыр.


Мемлекет басшысы Қызылорда өңіріне арнайы келіп, Арал тағдырына назар аудармау мүмкін емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, жылдар бойы жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Солтүстік Аралды сақтап қалуға мүмкіндік туған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Кіші Арал теңізінің толық қалпына келуі Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін жеткізді.


 БАУЫРЖАН ӘЛТЕЕВ, «ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫ» АУМАҚТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Арал теңізі осы сәтке дейін талай қасіреттен өтті. Жаһандағы ең үлкен мәселенің бірі - су тапшылығы. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы осы мәселені де атап өтті.


 Бүгінгі таңда Орталық Азия елдерімен су ресурстарын бірлесіп пайдалану бағытында маңызды келісімдер жасалған. Алайда Президент Арал теңізімен қатар Каспий, Балқаш және Ертіс өзені сынды стратегиялық маңызы бар су айдындарының келешегі көршілес елдерге де тікелей байланысты екенін ескертті.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ
Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз.

Президенттің айтуынша, су ресурстарын тиімді пайдалану мен табиғи тепе-теңдікті сақтау басты басымдықтардың бірі. Аталған бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.