Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан өңіріне тың серпін беріп отыр. Жоба ауыл экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға үлес қосып келеді. Осы мақсатқа соңғы екі жылда республикалық бюджеттен жалпы 30,2 млрд теңге бөлінген.

Өткен жылдың өзінде бағдарламаға 7,4 млрд теңге бөлініп, бүгінгі таңда 3,5 млрд теңгеге 401 жоба қаржыландырылған. Қаражат 3 траншпен бөлініп, қалған 3,9 млрд теңгені 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін аудан әкімдіктерінің нақты ұсыныстары мен скрининг нәтижелері бойынша толық игеру көзделіп отыр. Аталған жобаның іске асырылу барысы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте арнайы талқыланды.

 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
2026 жылы бағдарлама аясында 15,3 млрд теңге қаражат тарту жоспарлануда. Бұл — жақсы көрсеткіш. Дегенмен 1 115 жаңа жоба бойынша небәрі 1 400 жұмыс орнын ашу аз деп санаймын. Қаржы алып, жоба бастаған кәсіпкерлер тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет. Осы бағытта жұмысты жандандырып, нәтижесін баяндауды тапсырамын.

Өңірде 6 бағыт бойынша 3 902 жобаға жалпы 26,3 млрд теңге несие берілген. Нәтижесінде облыста шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 902 бірлікке артқан. Сонымен қатар 25 гектар аумақта 513 жылыжай кешені салынды. Мал басы 74 109-ға көбейген. Бұдан бөлек, 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылып, 4 190 жаңа жұмыс орны ашылды.

БЕКЖАН БИСЕНБАЕВ, «ТҮРКІСТАН» ӘКК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ
 Бағдарламаның жүзеге асуы өңірде айқын нәтижелер көрсетті. Жобалар есебінен жыл сайын 30 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі.

Облыста алдағы 2026–2028 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 68,7 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. 2026 жылы республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қаражат тарту көзделуде. Бұл қаржы есебінен 1 115 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.