«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы ұйымдастыруымен Бозарық елдімекенінде көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өткен шараның басты мақсаты – тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдап, шешімін табу.
Қабылдау барысында елдімекен тұрғындары инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау салаларына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, қоғамдық көлік қатынасын көбейту, көшелерді жарықтандыру, жол сапасын жақсарту жөніндегі ұсыныстар айтылды.
ГҮЛЖАНАТ БАЕТОВА, ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Қабылдауда көбінесе инфрақұрылым саласына қатысты өтініштер келіп түседі. Бүгін осы жылғы алғашқы көшпелі қоғамдық қабылдау өтті.
Тұрғындар көтерген кей түйткілдер қабылдауда шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бақылауға алынды. Ұйымдастырушылар әрбір өтінім назардан тыс қалмайтынын айтып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
СЕЙДЕҒАЛИ ЖАПАРКОВ, БОЗАРЫҚ ШАҒЫНАУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Бүгін келген себебім - екі жылдан бері дәрілерімді ала алмай жатқан едім. Қабылдауға денсаулық сақтау басқармасы да келіпті. Өтінішімді қабылдап, мәселемді шешіп береміз деп уәде берді.
Айта кетейік, 2025 жылы «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесіне 12 040 өтініш келіп түскен. Оның 79 пайызы оң шешімін тапты, қалған өтініштер бойынша заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.