Түркістан облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзіндік кірістер жоспары 109 пайызға немесе 25,6 млрд теңгеге артығымен орындалды. Жоспар 275,2 млрд теңге болса, нақты түсім 301 млрд теңгені құрады. Оның ішінде салықтық түсімдер бойынша жоспар 107 пайызға немесе 16,8 млрд теңгеге артық орындалды. Жоспар 230,3 млрд теңге болса, нақты түсім 247,1 млрд теңгеге жетті.

Бюджеттің атқарылуы мен осы саладағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Өңір басшысы облыстың негізгі бағыттары инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және жаңа жұмыс орындарын көбейту арқылы өзіндік кірісті арттыру екенін атап өтті.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Әр әкім өзінің кіріс көздерін білуі қажет. Салық төлеуші - бірінші кезекте кәсіпкер. Кәсіпкерге сіздер көмектесу керексіздер. Ол кәсібін дамытуы керек. Сіздер оны қорғауларыңыз қажет.

Өңірде өзіндік кірістердің өсу қарқыны 119 пайызды құрап, түсімдер 48 млрд теңгеге артығымен қамтамасыз етілді. Облыстық бюджеттің орындалуы 109 пайызды құрады. Бюджет түсімдері 24 пайызға немесе 27 млрд теңгеге артып, 140,8 млрд теңгеге жетіп отыр.

ГҮЛФАРИ ӘЖІМЕТОВА, ҚАРЖЫ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК АКТИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс бойынша өзіндік кірістер жоспары 109 пайызға немесе 25,6 млрд теңгеге артығымен орындалды. Жоспар 275,2 млрд теңге болса, нақты түсім 301 млрд теңгені құрады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 5 454 корпоративтік табыс салығы төлеушінің есебінен түсімдер 18 млрд теңгеге артты. Жалпы түсім 47,5 млрд теңгеге жетті. Жиынды түйіндеген өңір басшысы жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.