Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қытайлық «Hikvision Kazakhstan» компаниясының өкілдерін қабылдады. Шетелдік компания Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті базасында оқу орталығын құруды жоспарлап отыр. Облыс басшысы жаңа бастамаларды жүзеге асыруға қолдау болатынын айтып, ІТ және цифрландыру салалары маңызды екенін атап өтті.


Қытайлық технологиялық компания бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелері саласындағы жабдықтар мен кешенді шешімдердің әлемдегі ең ірі жеткізушісі. Компания өнімдері 155-тен астам елге жеткізіледі. Бұл 2 400-ден астам серіктестер мен интеграторларды қамтитын дамыған халықаралық желі арқылы жүзеге асырылады. Бейнебақылау негізгі бағытымен қатар компания бірқатар мамандандырылған бөлімшелерді дамытады. «Hikvision» жобалық бағытының директоры Ақан Құлжан компания қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, жобалармен таныстырды. Компания Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті базасында оқу орталығын құруды жоспарлап отыр. Жоба аясында университет студенттеріне бейнебақылау технологиялары мен қауіпсіздік жүйелері бойынша практикалық білім алу үшін қажетті заманауи жабдықтар, демонстрациялық стендтер және әдістемелік база қамтамасыз етіледі. Жобаны іске асыру барысында үздік студенттер таңдалып, түлектер компанияның серіктес ұйымдарына жұмысқа орналастырылады. Келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысы әкімдігі мен «Hikvision Kazakhstan» компаниясы арасында бірлескен жобаны жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойылды.