Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен арнайы жиын өтті. Басқосуда тарихи-мәдени маңызы зор Күлтөбе қалашығының аумағын абаттандыру мәселесі қаралды.

Жиынға жауапты басқарма өкілдері мен сала мамандары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Terek Hub» ЖШС-нің жоба менеджері Диана Ахметжанова баяндама жасап, жоспарланған жұмыстар мен жобаның негізгі бағыттары туралы жан-жақты ақпарат берді. Жиын соңында өңір басшысы жауаптыларға абаттандыру жұмыстарына баса мән беріп, оларды мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ жұмыстардың барысын тұрақты бақылауда ұстауды жүктеді. Айта кетейік, Түркістан қаласындағы Күлтөбе қалашығы алдағы уақытта таңдаулы туристік орындардың біріне айналмақ. Қалашықтың барлық тұсынан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі көрінеді. Сан ғасырлық тарихы бар бұл нысан ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болғандықтан, жоба ЮНЕСКО-ның қадағалауымен жүзеге асырылып жатыр.