- Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында елдегі көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Соның ішінде, Сарыағаш қаласы маңындағы көлік қозғалысының тығыз екенін атап өтіп, осы мәселені шешу мақсатында биыл «Сарыағаш айналма жолы» жобасының құрылысын қолға алу қажеттігін айтты. Президенттің тапсырмасын іске асыру аясында «Сарыағаш айналма жолын» салу жобасын жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде.
Сарыағаш айналма жолының жалпы ұзындығы 102 шақырымды құрайды. Бұл жол – I- б санатындағы, 4 жолақты автомобиль жолы. Жоба республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолына балама бағыт ретінде қызмет атқарып, Сарыағаш қаласы мен оған іргелес аумақтардағы көлік жүктемесін азайтады. Транзиттік көліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігі артып, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға оң әсерін тигізеді.
Түркістан облысының әкімдігі құрылыс жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, жобаның белгіленген мерзімде іске асуын қамтамасыз ететін болады. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастау жоспарланып отыр. Сарыағаш айналма жолы өңір үшін маңызды жоба.
МЕЙІРЖАН ЖАЛАЙЫРОВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Себебі оңтүстік өңір Өзбекстан Республикасымен шектескендіктен Сарыағаштан Жетісайға баратын жолымыз республикалық маңызға ие. Ол жерде тәулігіне 3 көлікті өткізу қауқары бар.
Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағындағы 291 нысан, яғни 1241 шақырым автомобиль жолдары мен көшелер жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша 210 нысан немесе 863,2 шақырым жол пайдалануға берілді.