Түркістан облысындағы шағын өндірістік паркте капсулалы үйлер мен сэндвич-панельдер шығарылып жатыр. Былтыр Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы Қытай Халық Республикасына сапар жасап,«Shandong Kamoya» зауытының жұмысымен танысып, осы жобаны жүзеге асыру мәселесін нақтылаған болатын. Сол келісім нақты іске ұласып,  қазіргі уақытта Түркістан  облысында «KHAN TAU» брендімен капсулалы үйлер шығарылуда.

Мұндай ғимараттарды туристік кешендер мен глэмпингтер, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары, қонақүйлерге пайдалануға болады. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров облыс орталығы маңындағы шағын өндірістік паркке барып, аталған өндірістің жай-күйімен танысты.


Жоба заманауи жобалау және өндіріс технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылуда. Бұл бастама туристік, қалалық және инфрақұрылымдық салаларға арналған энергия үнемдейтін, мобильді әрі көпфункционалды шешімдер мен дайын бөлмелерді шығаруға мүмкіндік береді.

НИЯЗӘЛІ БЕЙСЕНБАЕВ, КӘСІПОРЫННЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
 Былтыр декабрь айында облыс әкімімен бірге барып келісім шартқа отырғамыз. Қазір 15 үй тапсырыс бердік. Өңірде экотуризм обьектісін ашайын деп жатырмыз. Одан кейінгі кезеңде осының өндірісін ашамыз.

 Жоба аясында тәулігіне 1 000 шаршы метрге дейін дайын өнім өндіруге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық өндірістік желі іске қосылды. Бұл құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларды сапалы құрылыс материалдарымен жедел қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Өндірілетін сэндвич-панельдер заманауи талаптарға толық сай келеді. Атап айтқанда, зауытта өндірілген өнім жылу оқшаулау, энергия тиімділігі, беріктік және ұзақ мерзімділік, өрт қауіпсіздігі көрсеткіштері бойынша жоғары сапасымен ерекшеленеді.