Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жоспарлы жұмыстар жалғасуда. Мегаполисте тағы 24 отбасы қоныс тойын тойлады. Тұран шағынауданынан жалдамалы пәтерлер табысталды. Кілт табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.

«Тұрғын үй» саясатын реформалау негізінде Шымкент қаласындағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға коммуналдық үй қорынан жалдамалы пәтер берілуде. Осы жоба аясында Тұран шағынауданынан баспана кезегінде тұрған 24 отбасыға жаңа баспананың кілті табысталды. Соның бірі 2015 жылдан бері өз кезегін күткен Динара Төлегенова.


ДИНАРА ТӨЛЕГЕНОВА, ПӘТЕР ИЕСІ
Иә 11 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз.Осы Шымкенттеміз негізінен жалдамалы пәтерде. Биыл шақырды ғой өздері. Осы кілт алатын күнді қанша жыл күттік. Кезекті жыл сайын, жылына қанша рет көретінбіз қайта-қайта тексеріп. Бірақ Құдайға шүкір биыл қатты жылжыды. Өте тез келді, күтпеген жағдаймен келіп қалды.


Шымкент қаласында 90 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Биыл 500-ден астам жалдамалы пәтер беру жоспарланған. Қазіргі уақытта жыл басынан бері бөлінген 235 пәтердің 187-сі кезекте тұрған азаматтарға берілді.


КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А
Бүгінгі алып жатқан жалдамалы пәтерлердің алдағы уақытта әрбір азамат өздерінің санатына сәйкес сатып алу құқығымен берілуде. Яғни әрбір өзінің санаттары бар. Тегін алатын, өтеусіз алатын, қалдық құны бойынша алатын азаматтардың саны бар.


Сонымен қатар, жыл соңына дейін кезекте тұрған азаматтарға берілетін пәтер санын 2 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.