Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданында орналасқан шағын өндірістік парктің аумағын аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйімен танысты. Өңір басшысы өндірістік нысандардың құрылыс сапасы мен жұмыс қарқынына назар аударып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында «Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек» дей келе маңызды міндеттер жүктеді. Өндірістік парк аумағында ауыл шаруашылығы машиналары мен аспалы жабдықтарды өндіру жобасы іске асырылуда. Аталған жобаның жалпы құны – 2,1 млрд теңге. Жоба 3,9 гектар аумақта орналасқан, өндірістік нысанның жалпы аумағы 7939,4 шаршы метрді құрайды. Құрылыс пен іске асыру жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған. Өңір басшысы жоба аясында өндіріс көлемін ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне баса мән беру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Нұралхан Көшеров өндірістік парк аумағындағы өзге де жобаларды қарап шықты. Парктің кеңсе ғимаратының құрылысына ерекше назар аударып, нысанды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.