Заманауи білім беру талаптарына сай салынған «Келешек мектептері» бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Ұлттық жоба аясында Шымкент қаласында да бірнеше білім ордасы бой көтерді. Қазіргі таңда шаһарда 12 «Келешек мектебі» жұмыс істеп тұр. Жобаның басты ерекшелігі қандай? Тақырыпты тілші толықтырады.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жаңа үлгідегі зертханалар. Цифрлық технологиямен жабдықталған оқу кабинеттері. Заманауи кеңістік. Бұл -жай мектеп емес, келешек мектебі. Мұнда әр оқушы үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптасқан.


Айғаным Қоңыратбай - «Келешек мектебінің» оқушысы. Жаңа жоба аясында салынған білім ошағына ауысқанына көп уақыт болмаған. Болашақта ақ халатты абзал жан атануды армандайтын білім алушы бүгінде теорияны тәжірибемен ұштастырып, түрлі жобаларға белсенді қатысып жүр.


АЙҒАНЫМ ҚОҢЫРАТБАЙ, ОҚУШЫ
 Биология сабақтарында мұнда зертханалық жұмыстар жүргізу өте ыңғайлы. «Келешек мектебі» бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Мектепте түрлі тәжірибелер жасау арқылы жаңа дүниелерді үйренеміз.


№148 жалпы орта білім беретін мектебі өткен жылы пайдалануға берілді. Заманауи білім ордасында мыңға жуық оқушы тәлім алуда. Жаңа мектептердің басты ерекшелігі жоғары деңгейдегі қауіпсіздік жүйелері. Оқу орны Face ID технологиясымен қатар, цифрлық бейнебақылау құралдарымен жабдықталған. Бұл жүйе полицияның жедел басқару орталықтарымен біріктірілген. Сонымен қатар, бастауыш және жоғары сыныптардағы оқушылар бөлек блоктарда білім алады. Мектепте ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған сенсорлық кабинеттер де жұмыс істейді. Ғимараттың әр қабатында медиатека мен коворкинг аймақтары қарастырылған.


ҰЛЖАЛҒАС ЖАНҰЗАҚОВА, №148 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Жалпы орта білім беретін мектептерден ерекшелігі -мұнда материалдық-техникалық базамен қатар, кәсіби бағдар беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Заманауи үлгідегі жабдықтарды қолдана отырып, сапалы білім беруге басымдық берілген.


Келешек мектептерінде оқу үдерісі де ерекше. Интерактивті тақталар, электронды платформалар мен заманауи құралдар оқушылардың білімді терең әрі тиімді меңгеруіне мүмкіндік береді. Ал ұстаздар жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы сабақ үдерісіне тың жаңашылдық енгізіп келеді.


СЕЙІЛБЕК ТЕМІРХАН, ХИМИЯ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ
Көп жағдайда қажетті реактивті заттар болмай қалатын. Осындай сәттерде виртуалды технологияларды қолданамыз. Бұрын оқушыларға тек теориялық білім берумен шектелсек, қазір жасанды интеллект арқылы сабақ мазмұнын байыта түстік.

Шымкент қаласында «Келешек мектебі» жобасы аясында 12 білім ордасы салынды. Мектептердің жалпы қуаттылығы -15 800 орын. Қазіргі таңда бұл мекемелерде 16 мыңнан астам оқушы білім алуда. Сонымен қатар, 1200-ден астам педагог қызмет етеді. Жаңа мектептердің басым бөлігі шалғай елді мекендерде салынған. Бұл қала мен ауыл арасындағы білім беру алшақтығын азайтуға бағытталған. Мұнда оқушылардың тек білім алуына ғана емес, сыни ойлау дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.