Қала әкімі А-2 айналма жолы бойында демеушілердің қаражаты есебінен салынатын қоғамдық кеңістік құрылысының жобасымен танысты. Бұрын бұл аумақта жаңбыр суы жиналып, тұрғындар үшін қолайсыздық тудыратын еді.


 Жоба аясында жасанды тоған салу, спорттық және балалар ойын алаңдарын, серуендеу жолы және автотұрақ орнату қарастырылған. Жалпы аумағы 1,28 гектар. Жауапты тұлғаларға жұмысты сапалы әрі уақытылы орындауды қамтамасыз ету және қауіпсіз әрі ыңғайлы кеңістік қалыптастыруды тапсырды. Бұл орын қала тұрғындары үшін жаңа тартымды нүкте болады. Сонымен қатар, ЖК «Теміршиков NAN ONIMDERI» наубайханасына барды. Кәсіпорында 80 адам жұмыс істейді. Мұнда күн сайын түрлі өнімдер, соның ішінде 90 мың дана әлеуметтік нан өндіріледі. Компания басшылығымен өндіріс цехын кеңейту, өнім көлемін арттыру және қосымша жұмыс орындарын ашу мәселелерін талқылады. Жауаптыларға қажетті қолдау көрсету міндеті жүктелді. Сонымен қатар «Еңбекші» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барып, арнайы техника мен қысқы тазалық жұмыстарына арналған инертті материал қорын көріп шықты. Коммуналдық қызметтердің жұмысын тиімді ұйымдастыру және қала көшелерінде тәртіпті қамтамасыз етуге дайын болу қажеттігін атап өтті.