Әруаққа арнап ас берілді. Түркістан облысы, Келес ауданында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалаған Рәтбек қажы Нысанбайұлының рухына Құран бағышталды.


 Қажының туған өлкесінде өткен ас беру рәсіміне облыстың зиялы қауым өкілдері, туған-туыстары және көзін көрген азаматтар қатысты. Сонымен қатар жиынға белгілі дін қайраткері Амантай қажы Асылбекұлы да арнайы келді.


ЖӘНІБЕК АҒЫБАЕВ, КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Атамыз ғасырда бір туатын тұлға. Оны күллі мұсылман әлемі мойындаған. Қажы атамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.


Рәтбек Нысанбайұлы 1990–2000 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі қызметін атқарып, аталмыш құрылымның іргетасын қалады. Оның бастамасымен елімізде 30-дан астам мешіт салынды. Соңғы жылдары Есік қаласындағы мешіттің бас имамы қызметін атқарды. Ол «Парасат» және «Шарапат» ордендерімен марапатталған.


 АМАНТАЙ ҚАЖЫ АСЫЛБЕК, «АТТАН ҚАЗАҚСТАН» ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Рәтбек қажы Тәуелсіздік жылдары Ислам институтын құрып, ел мен жерге зор еңбек сіңірді. Тоқсан жасқа таяған ғұмырында дін мен дәстүрге қалтқысыз қызмет етті. Артына өшпес із қалдырған азаматтың есімі мәңгі жадымызда сақталады.


Рәтбек қажы Нысанбайұлы ағымдағы жылдың 16 қаңтарында 86 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде жариялаған болатын.