Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы теміржол вокзалы маңы мен ескі шаһар аумағын аралап, бірқатар тарихи нысандардың қазіргі жағдайымен танысты. Сапар барысында теміржол инфрақұрылымына жақын орналасқан ғимараттардың тарихи сәулетін сақтай отырып, оларды туристік әрі мәдени бағытта дамыту мәселелері қаралды.
Облыс әкімі Абылайхан көшесінде орналасқан «Жолаушылар көлігі орталық дирекциясы» ғимаратына барып, нысанның мүмкіндіктерін бағалады. Жалпы аумағы 0,35 гектарды құрайтын, көлемі 735 шаршы метр болатын бұл ғимаратта тарихи келбетті сақтай отырып, мұражай ашу жоспарлануда. Сонымен қатар келушілерге арналған дәмхана мен фудкорт орналастыру мәселесі зерделенді. Сондай-ақ Абылайхан көшесіндегі «Бригадашылар үйі» ғимаратын да қайта жаңғыртудан өту жоспарлануда. Жалпы аумағы 0,11 гектар, көлемі 367 шаршы метр болатын нысанда теміржол саласының тарихын дәріптейтін мұражай ұйымдастырылып, келушілерге арналған шағын дәмхана ашу жоспарланған. Тәукехан көшесінде орналасқан жергілікті маңызы бар сәулеттік нысандар кешені де назарға алынды. Жалпы аумағы 0,42 гектарды құрайтын бұл аумақта 4 ғимарат орналасқан. Оның ішінде бір ғимараттың аумағы 500 шаршы метр болса, қалған ғимараттардың жалпы көлемі 2000 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар 2500 шаршы метрлік сквер аумағы бар. Жобалық жоспарға сәйкес ғимараттардың сәулеттік бейнесі сақталып, мұражай ретінде пайдаланылмақ.