Басы ауырып, балтыры сыздағандар көмекке жедел жәрдем шақырады. Ал жедел жәрдем қауіп-қатерге тап болса, оған кім көмектеседі? Ашық дереккөздерге сүйенсек, соңғы кездері медициналық қызметкерлерге жасалатын шабуыл мен қысым деректері жиілеген. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін енді денсаулық сақшылары полицейлер секілді кеудесіне бейнежетон тағып жүреді. Пилоттық жоба тиімділік танытып, қысым деректері азайды ма? Қанат Жолдасбек анықтап көрді.
Бейнежетонға GPS орнатылған. Осы арқылы жауаптылар жедел жәрдемнің діттеген шақыртуға қанша уақытта барғанын, қандай жылдамдықпен жүргенін бақылайды. Құрылғының дыбыс жазу мүмкіндігі де бар. Яғни маманның науқаспен қалай сөйлескені, этика талаптарын сақтаған-сақтамағаны да қадағаланады. Басты мақсат - қызметкердің қауіпсіздігі.
ТАЛҒАТ ДӘУРЕНБАЙ, АҒА ФЕЛЬДШЕР
– «Бригаданың өміріне қауіп төнетін болса, шабуыл жасалса, мына SOS батырмасын басады». «Қазіргі таңда бұған жасанды интеллект мүмкіндіктерін қостық. Батырманы басудың да қажеті жоқ. “SOS” деп айқайласа болғаны, біздің және полицияның диспетчерлеріне автоматты түрде сигнал түседі».
Бүгінде мұндай жетон қаладағы 7 жедел жәрдем бригадасының қызметкерлеріне берілген. Жауаптылар алдағы уақытта қаладағы барлық 115 бригаданы дәл осындай құрылғымен қамтымақ.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Былтыр шымкенттік жедел жәрдем 682 мың шақыртуға барған. Оған 115 бригада көмек көрсеткен. Қызметкерлерді 162 көлік тасымалдап, діттеген мекенжайға жеткізіп отырған. Егер көліктен ақау шығып, бұзылардай болса, станцияда оны қалпына келтіретін арнайы мамандар да жұмыс істейді. Жауаптылар биыл көлік пен бригада саны тағы да артатынын айтып отыр.
ГҮЛНӘР ҚҰРМАНБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
– «Сәуір айында тағы да 25 көлік алуды жоспарлап отырмыз. Құдай қаласа, сол 25 көлік пен тағы 5 бригада келсе, қызмет сапасын одан әрі күшейтеміз деп отырмыз».
Гүлнәр Құрманбекованың сөзінше, жедел жәрдем қызметкерлері жыл сайын қосымша оқытудан өтіп, біліктілігін арттырып отырады. Мақсат аясында түрлі шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Айта кетейік, былтыр қалада 4 әмбебап қызмет көрсету депосы ашылған болатын. Жоба аясында жедел жәрдем, полиция және төтенше жағдайлар қызметі бір ғимаратқа шоғырланған. Шақырту түсе қалса, үш қызмет те уақыт жоғалтпай оқиға орнына бірге барады.