Түркістан облысында қыс мезгілінде автомобиль жолдарын қалыпты жағдайда ұстау, қарды уақтылы тазалау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жұмыстары күшейтілген режимде жалғасуда. Сонымен қатар жағдайды жедел бақылау және үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылып, тәулік бойы жұмыс атқаруда.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы, облыстық маңызы бар жолдарда Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарасты «Оңтүстік жолдары» МКК, ал аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерінде аудан, қала әкімдіктері тарапынан тұрақты жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылдың 21-23 қаңтар аралығында облыс аумағында ауа райының күрт нашарлауына байланысты қар және қар аралас жаңбыр жауып, жол жағдайы қиындады. Осыған орай, жолдарды күтіп-ұстауға жауапты мекемелер тарапынан күшейтілген режимде жедел іс-шаралар ұйымдастырылды. Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында 221 дана арнайы техника мен 1 177 жұмысшы жұмылдырылып, облыс аумағындағы 11 692 шақырым автомобиль жолы қардан тазартылды. Сонымен қатар көктайғақтан сақтау үшін 9 751 текше метр құм және 3 125 тонна тұз қоспасы себілді. Жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында арнайы техника мен жұмысшы күші мобилизациялық қағидат негізінде ұйымдастырылып, қажеттілікке қарай бір ауданнан екінші ауданға жедел түрде ауыстырылып, өзара көмек көрсету тәртібімен жұмыс атқаруда. Облыс аумағындағы барлық автомобиль жолдарының жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Одан бөлек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендер мен жергілікті маңызы бар автомобиль жолдардың бойын қоқыстан тазарту жұмыстары да жалғасуда. Қысқы кезең бойы облыс аумағындағы жолдардың жағдайы тұрақты бақылауда болып, ауа райының қолайсыздығына байланысты қажетті шаралар жедел түрде қабылданатын болады.