Түркістанда цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған бірегей профилактикалық іс-шара өтті. Бастамаға облыстық білім басқармасы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілдері қолдау көрсеткен.
Қазақстанда тұңғыш рет өткізілген бұл шара өңірде жүзеге асырылып жатқан "Киберқалқан" медиа-жоспары аясында өтті. Интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында оқушылар, студенттер және педагогтер арасында жаппай тестілеу ұйымдастырылды. Тестілеуге жалпы саны 350 мыңнан астам адам қатысты. Атап айтқанда, 56 563 жоғары және орта арнаулы білім беру ұйымдарының студенттері, 218 463 мектеп оқушысы және 86 244 педагог қамтылды. Тест нәтижелері қатысушылардың қаржылық-цифрлық сауаттылық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.