Түркістанда Қазақстан Республикасы Қоғамдық кеңестерінің құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Жиында ұйымдардың мемлекеттік басқарудағы және азаматтық қоғамды нығайтудағы рөлі айтылды. Сонымен қатар, халық пен билік арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етудегі маңызы сөз болды.
Өткен 10 жыл ішінде қоғамдық кеңестер маңызды нормативтік актілерге және мемлекеттік бағдарламаларға қоғамдық мониторинг жүргізді, көптеген заң жобалары мен әлеуметтік бастамалар бойынша ұсыныстар берді. Осы уақыт ішінде кеңестерде мыңдаған жоба мен азаматтық бастама қаралып, қоғамның мәселелері ашық талқыланды.
Түркістан облысының Қоғамдық кеңесі облыс тұрғындары мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен құралған. Оның құрамына 35 адам енген. Кеңес мүшелері конкурстық негізде тағайындалып, азаматтық қоғамның белсенді өкілдері қатысады.
Салтанатты шарада облыстың қоғамдық кеңесі мүшелері мен белсенді азаматтарға арнайы марапаттар табысталды. Бұл марапаттар олардың әлеуметтік маңызды бастамаларды іске асыруға, қоғамдық пікірді білдіруге және жергілікті даму ісіне қосқан үлестерін мойындау мақсатында берілді. Олардың қатарында мемлекеттік наградалар, құрмет грамоталары мен алғысхаттар бар.
Қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдардың іс-әрекетін қоғам алдында ашық ету, әлеуметтік маңызды ұсыныстарды талқылау және халық талаптарын жеткізу жүйесі ретінде жұмыс істейді. Соңғы жылдары республикалық деңгейде ғана емес, өңірлерде де кең құрылымдар қалыптасты.