Үшінші мегаполисте бірінші топтағы мүгедектігі бар 4 977 азамат тіркелген. Ал, екінші топтағылар саны – 15 455. Қалада оларға қызмет көрсететін бір ғана әлеуметтік орталық бар. Ол – №4 арнаулы әлеуметтік көмек көрсету мекемесі. 2019 жылы ашылған орталық ем алушыларға 7 түрлі қызмет ұсынады. Мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігімен әріптесім танысып қайтты. Сюжетке назар аударайық.
НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
№4 арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы – Шымкенттегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жалғыз мекеме. Мұнда 18 жастан асқан 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар жандарға психологиялық, әлеуметтік, медициналық әрі құқықтық көмек көрсетіледі. Орталық 70 адамға шақталғанымен, жыл сайын 800-ден астам азамат қызмет алады.
Мейірімхан Ізбасарұлы қант диабетімен ауырып, инсульт алған. Қан қысымы да жиі көтеріледі. Ол – екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Орталықта алты жылдан бері ем қабылдап келеді. Айтуынша, емдік шаралардан кейін денсаулығы жақсарған.
МЕЙІРІМХАН ІЗБАСАРОВ, ЕМ ҚАБЫЛДАУШЫ
Осында ем қабылдап жүргеніме бірнеше жыл болды. Жылына екі рет келемін. Емнің пайдасы бар. Жағдайым біртіндеп жақсарып келеді. Мамандарға алғысым шексіз.
Ал, Шахнизат Камалова орталықта ұлын емдетіп жүр. 30 жастағы жігіттің жүйке жүйесі 15 жыл бұрын сыр берген. Бұған дейін түрлі ем қабылдағанымен, нәтиже болмаған. Ал, бұл орталықта массаж бен дене шынықтырудан кейін жағдайы оңалған.
ШАХНИЗАТ КАМАЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мұнда келгеннен кейін ұлымның аяқ-қолы бұрынғыдай ұйып қалмайтын болды. Қимылы да жақсарды. Нәтижесіне ризамыз.
№4 арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы жылына 840 адам қабылдай алады.
2024 жылы – 569 азамат емделген.
Оның 146-сы – 1 топта, 423-і – 2 топта.
239-ы – ер, 330-ы – әйел.
2025 жылы орталыққа 603 адам жүгінген.
Оның 157-і – 1 топта, 445-і – 2 топта.
266-сы – ер, 336-сы – әйел.
Орталықта медициналық, әлеуметтік, психологиялық, еңбек және мәдени бағыттағы қызметтер көрсетіледі. Ем алушыларға ыстық тамақ беріледі. Сонымен қатар, арнайы аппараттар арқылы оңалту шаралары жүргізіледі. Аумақта демалыс аймағы мен сквер бар.
АҚМАРАЛ ДОСБАЕВА, №4 АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ КММ ДИРЕКТОРЫ
Орталықта 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар азаматтар күндізгі бөлімде қызмет алады. 2024 жылдың соңында 11 жаңа медициналық құрылғы сатып алынды. Олар заманауи талаптарға сай.
Айта кетейік, Бозарық шағынауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жаңа әлеуметтік орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Нысан 150 орынға шақталған. Қазіргі таңда ғимараттың қабырғасы қаланып, шатыры жабылған. Алдағы уақытта орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылмақ.