Шымкенттік киберполицейлер ірі интернет-алаяқтық схемасын анықтады. Polisia.kz-тің хабарлауынша, күдікті жәбірленушілерден 40 миллион теңге жымқырған. Тергеу барысында Қызылорда облысының тұрғыны «жеңіл табыс» табу мақсатында дропперлік схеманы ұйымдастырғаны белгілі болды.

 Күдікті таныстарының банк карталарын жинап, мессенджерлер арқылы үшінші тұлғаларға берген. Белгісіз нөмірден түскен қоңырауға сенген жергілікті тұрғын 32 миллион теңгеден айырылған. Осы дерек бойынша полицияға арыз түсіп, жедел-іздестіру шаралары басталды. Тергеу нәтижесінде киберполицейлер күдіктіні анықтап, оны ұстады. Оның бұған дейін де осындай алаяқтық деректеріне қатысы бар екені белгілі болды. Екінші жәбірленушіден 6 миллион теңге алған. Жалпы келтірілген шығын көлемі 40 миллион теңгеден асады.