Шымкентте тағы 23 отбасы баспаналы болды. Жалдамалы пәтерлер мұқтаж отбасылардың жүрегіне жылулық, көңіліне қуаныш сыйлады. Қоныс той иелеріне пәтер кілтін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің өзі табыстады. Тақырыпты тілші тарқатады.
Баспана кезегінде тұрған азаматтар Асар-2 шағынауданында орналасқан жалға берілетін пәтерлердің кілтін алды. Бұл үйлер қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан беріліп отыр. Кілт табыстау рәсіміне қатысқан мегаполис басшысы тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады. Өз сөзінде ол жалдамалы тұрғын үй қорын кеңейту және азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету қаладағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Қоныстанушылардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар бар. Сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар да қамтылған.
ӘШІРАВИ САДЫҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Рахмет, қонысымыз құтты болсын. Бұл күнді 11 жыл күттім. Күйеуім де осыны армандаған еді, өкінішке қарай өмірден өтіп кетті. Бүгінгі қуаныш маған бұйырып отыр. Толқып тұрмын.
ЖАҢЫЛ СУНАҚБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бұл үйді 13 жыл бойы күттік. Бүгін сәті түсіп, пәтер кілтін әкімнің өзінен алдық. Отбасымызда үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан бар. Қуанышымызда шек жоқ.
Жалпы, өткен жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін нарықтан 1 529 пәтер сатып алынған. Қазіргі таңда олардың бір бөлігі балансқа қабылданып, қалғанына қатысты тіркеу рәсімдері жүргізілуде. Биыл жыл басынан бері бөлінген 235 пәтердің 150-ге жуығы тұрғындарға табысталды. Қалған пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға кезең-кезеңімен беріледі.