Шымкентте білім сапасын арттыру мақсатында QARQYN бірыңғай интеграциялық жүйесі енгізілді. Жаңа жүйе білім беру ұйымдарының қызметін толықтай цифрландыруға және қаржыландыру процесін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2027 жылға дейін «Сапалы білім» жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта педагог мамандарға арналған арнайы конкурс жарияланып, 100 мұғалімге жыл бойы стипендия төленеді.


QARQYN бірыңғай интеграциялық жүйесі мектепке дейінгі, қосымша, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын, сондай-ақ инклюзия, кадр, қаржы, бухгалтерия және құжат айналымын толық қамтиды. Жүйе 10 компоненттен тұрады.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Бұл жүйе бірден толық іске қосылған жоқ, бірнеше компоненттен тұрады. Ерекшелігі – білім басқармасына тиесілі ақпараттық жүйе болып табылады. Барлық дерекқорлар Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ-ның серверлерінде сақталады. Серверлер уақтылы өңделіп, архивтік көшірмелері де сол жерде сақталады. Байланыс арналары Қазақтелеком АҚ тарапынан қорғалған. Ақпараттық қауіпсіздік бойынша ҰҚК тарапынан бірнеше мәрте тексеруден өтіп, тиісті сертификаттар берілген.


Сондай-ақ педагог мамандарға арналған арнайы конкурс жарияланады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби дамуға ұмтылатын ұстаздарға Шымкент қаласы әкімінің арнайы 100 гранты табысталады. Гранттар мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыруға, тәжірибесін жетілдіруге және білім сапасын көтеруге бағытталған.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Мұғалімдерді ынталандыру үшін «Сапалы білім» жобасы аясында жоғары нәтижелер көрсеткен 100 мұғалімге жоғары деңгейдегі критерийлер негізінде грант тағайындау жоспарланып отыр. Үздік деп танылған педагогтерге шамамен айына 200 мың теңге көлемінде бір жыл бойы қосымша ақы төленеді.


Бұл бастама ұстаз еңбегін бағалауға, педагогтердің кәсіби өсуіне жағдай жасауға және қаладағы білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болмақ. Айта кетейік, 29–30 қаңтар күндері «Көрме» орталығында сағат 09:00–16:00 аралығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Іс-шара барысында педагог мәртебесі бар мамандарға конкурс талаптары, құжаттарды рәсімдеу және оларды электронды платформаға жүктеу тәртібі жөнінде кеңес беріледі.