Үшінші мегаполисте кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс әлі де тыйылмай отыр. Жасөспірімдер көбіне ұрлық жасап, қоғамдық тәртіпті бұзады. Сонымен қатар алаяқтық фактілері де жиі тіркелуде. Тұрғындар интернет алаяқтарына алданып қалғандарын айтып, полиция департаментіне шағымданған.


 Шымкент қаласында бір апта ішінде 244 қылмыстық іс тіркелген. Оның 13-і сотқа жолданған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, заңбұзушылықтардың басым бөлігі интернет-алаяқтық, ұрлық және қоғамдық тәртіпті бұзу деректеріне қатысты. Қазіргі таңда аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Апта ішінде 83 алаяқтық дерегі, 28 ұрлық фактісі, 7 есірткінің заңсыз айналымына қатысты іс тіркелді. Сондай-ақ төлем карточкалары мен есеп айырысу құжаттарын заңсыз пайдалану деректері анықталды.


Жасы 18-ге толмаған жасөспірімдер бір аптада 264 әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Олар түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз ойын-сауық орындарында болып, қоғамдық жерлерде бұзақылыққа барған. Ұрлық жасап ұсталғандар да бар.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Ұрлық, төбелес және өзге де құқықбұзушылықтар бар. Олардың барлығы мектептен тыс уақытта, бос уақытта жасалған. Балалардың сағат 22:00-ден кейін ата-анасынсыз жүруіне болмайтынын білесіздер. Арнайы ойын-сауық орындарында жасалған қылмыстар да бар. Аталған деректердің барлығы Шымкент қаласының тұрғындарына қатысты емес. Заңбұзушылық жасаған 84 бала басқа өңірлерден келген. Атап айтқанда, Түркістан, Жамбыл облыстарынан, Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ шетел азаматтары тарапынан да құқықбұзушылықтар тіркелді.


Интернет желісінде тыйым салынған заттардың қолжетімді болуы жастардың есірткі қылмысына баруына әсер етуде. Өткен аптада 4 дроппер ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар интернет-алаяқтық деректері де азаймай отыр.