Түзету мекемелерінде жазасын өтеп шыққан азаматтарды өмірге қайта бейімдеу басты назарда. Осы мақсатта Түркістан қаласының прокурорлары арнайы шара ұйымдастырды. Пробация мекемесінде тіркеуде тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.
Жәрмеңкеге Түркістан, Кентау қалалық прокуратурасы мен Сауран ауданы прокурорлары мұрындық болды. Тіркеуде тұрған азаматтар мен борышкерлерді мемлекеттік және кәсіпкерлік мекеме өкілдерімен кездестірді. Жұмыс берушілер қатарында Риксос, Сандық секілді ірі кәсіпкерлік нысандар бар.
КЕМЕҢГЕР САБЫРХАН, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ ПРОКУРОРЫ
«Біздің басты мақсатымыз – азаматтарды жұмыспен қамту және сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеу. Бұл шара жыл сайын өткізіледі. Түркістан облысының мансап орталығымен бірлесіп ұйымдастырылады.»
Жәрмеңкеде 500-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Азаматтар өз қабілетіне қарай қолынан келетін жұмыс орындарын таңдады. Кәсіпкерлер ұсынған кәсіп түрлерінің ішінде күзетші, жүргізуші сияқты қызметтер көп.
НҰРАЙДАР ҚАМШЫБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Келіп көріп жатырмыз. Жақсы екен. Өзімізге ыңғайлы жұмыс қарастырып жатырмыз. Қазір бір-екі компанияның нөмірін алып қалдым.»
ТАЛҒАТ МЕЛДЕБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Сауран ауданы пробациясында тіркеудемін. Бүгінгі шарада жұмыс берушілермен танысып жатырмыз.»
Дәл осындай жәрмеңке өткен жылы үш рет ұйымдастырылған. Нәтижесінде 100-ден астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Пробация есебінде тұрған борышкерлер жоба арқылы өз міндеттерін толық орындап жүр, дейді ұйымдастырушылар.