Шымкентте алғаш рет көз ауруына арналған витреоретиналды күрделі ота жасалды. Шамамен 1,5 сағатқа созылған операцияны облыстық ақ халаттылар Беларусьтен келген дәрігердің сүйемелдеуімен орындады. Екі күнге жалғасатын шеберлік сағатында офтальмологтар 8 науқасқа ота жасайды.
Кеше 8 пациенттің 4-іне ота жасалды. Бүгін тағы 4 науқасқа операция жасалып жатыр. Дәрігерлер науқастардың жағдайы тұрақты екенін айтады. Соның бірі – Сейдуалы Нұржаев. Қан қысымы көтеріліп, көзіндегі қан тамырлары жарылып кеткен. Салдарынан жанары тұманданып, мүлдем көрмей қалған. Ақ халаттылар операцияның сәтті өткенін жеткізді. Дәрігерлердің айтуынша, үш күндік оңалтудан кейін науқастың көзі қайта қалпына келеді.
СЕЙДУАЛЫ НҰРЖАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Қан үймелеп қалды да, тамыры жарылып кеткендей болды. Нақтысын білмеймін, көзім көрмей қалды. «Операция сәтті жасалды. Қанның бәрін тазалады. Дәрігерлерге алғысым шексіз.»
Операцияларды жергілікті офтальмологтар Беларусьтен келген микрохирург Василий Голушкиннің сүйемелдеуімен жүзеге асырды. Шетелдік маман тәжірибесімен бөлісіп, отандық дәрігерлерге бағыт-бағдар берді. Енді өңір тұрғындары мұндай күрделі ота үшін Алматы мен Астанаға сабылып әуре болмайды. Жуық арада жергілікті ақ халаттылар қосымша оқытудан өтіп, дәл осындай операцияларды өз бетінше жасайтын болады.
НҮРКЕН БАЙДЕУОВ, ОБЛЫСТЫҚ ОФТАЛЬМОЛОГИЯЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
«Облыстық офтальмологиялық ауруханасының екі дәрігері шетелдік маманмен бірге ота жасап жатыр.» «Бұл Түркістан облысында алғаш рет жасалып тұр.»«Құдай қаласа, мұндай оталар тұрақты түрде жалғасады. Өзіміз де жасаймыз.»
Операциялар соңғы үлгідегі жоғары технологиялық құрал-жабдықтардың көмегімен жасалды. Жергілікті дәрігерлер шеберлік сағатының берер пайдасы ұшан-теңіз екенін айтады.