Әдеп, құндылық және ашықтық. Бұл – жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің жаңа бейнесі. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласы әкімдігі мен оған қарасты басқармалардағы мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті. Алқалы жиын жайын арна тілшісі баяндайды.

Кездесу барысында департамент басшысы мемлекеттік қызметшілер арасындағы қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мәселесін көтерді. Сонымен қатар мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету және агенттік тарапынан жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы кеңінен ақпарат берілді. Мәселен, жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік қызметте мансаптық өсудің орнына қосымша жалақыға пайыздық үстеме қарастырылған. Бір лауазымда ұзақ жылдар мінсіз қызмет атқарғандардың мәртебесі артады.

 ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Егер сіз бір лауазымда мінсіз қызмет атқаратын болсаңыз, сізге қосымша дәреже беріледі. Соның есебінен жалақы өсімі қарастырылады. Осындай жаңашылдықтар бар.

Мемлекеттік қызметкер халыққа жақын, ниеті таза, жемқорлықтан аулақ болуы тиіс. Кездесу аясында қоғамдық мәдениет, қызмет барысында этикалық нормаларды сақтау қағидалары, сондай-ақ отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді құрметтеу бағытында ауқымды ағартушылық жұмыстар жүргізілді. Әсіресе заңсыз сыйақы мәселесіне ерекше назар аударылды.

СӘКЕН МӘЖІНБЕКОВ, САЯСАТТАНУШЫ
Сыйлыққа тыйым салынған. Екі АЕК-ке дейін — әкімшілік құқықбұзушылық, ал одан асса қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Егер сыйлық берілсе, комиссия құрылып, ол мемлекетке өткізіледі.

Жиын барысында мемлекеттік қызметке кіру мүмкіндіктері мен біліктілік талаптары жан-жақты түсіндірілді. Шара соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше мән беріліп, заңнамаға енгізілген жаңа нормалар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.