Енді 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін емханаларға еркін тіркелу бойынша жыл сайын өтетін науқан болмауы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі тіркелу және МӘМС жүйесіне өзгерістер дайындап жатыр. Олардың мәлімдеуінше, азаматтар жүйені жақсы меңгергендіктен медициналық ұйымды таңдау үшін арнайы кезеңнің қажеті жоқ.
Жаңа ережелерге сәйкес, азаматтар емхананы өз қалауы бойынша кез келген уақытта ауыстыра алады. Алайда тіркелуге тек ресми тіркеуі бар өңірде ғана рұқсат етіледі. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жұмыс істейтін емханаларға қойылатын талаптар қайта қаралады. МӘМС қоры кемінде 10 мың науқас тіркелген алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен ғана жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Алайда сарапшылар ұсынылып отырған өзгерістер науқастардың медициналық ұйымды таңдау мүмкіндігін шектеуі мүмкін екенін ескертеді. Денсаулық сақтау министрлігі аталған өзгерістердің әзірге талқыланып жатқанын мәлімдеді.