Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ecoculture-Eurasia ЖШС құрылтайшысы Алмас Дауытовты қабылдады. Компания Түркістан облысы Келес ауданы Ақтөбе ауыл округіндегі 51 гектар аумақта жылыжай кешенінің құрылысын жүргізілуде. Кездесуде тараптар жобаны іске қосу жайын кеңінен талқылап, атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.


 Жобаны іске асыруға 42 млрд теңге инвестиция салынуда. Жылыжайда жылына 25 000 тонна қызанақ өсіріледі. Жоба толық іске қосылғанда 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны «Қазақстанның Даму банкі» АҚ тарапынан қаржыландыру мақұлданған. Аталған кешенде өнімдерді қаптау, өңдеу және консервілеу цехтарын ашуға мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде логистикалық шығындарды едәуір қысқартып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл бағытта отандық ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Осы тұрғыда Ecoculture-Eurasia компаниясының өнеркәсіптік жылыжай кешенін іске асыру жобасының маңызы ерекше.


Жылыжай Нидерланд елінен әкелінген жабдықтармен толық қамтылған. Бүгінде кешеннің 40 гектар аумағында жылыжай блоктарының металл конструкциялары орнатылды. Сыртқы және ішкі желілер бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.


АЛМАС ДАУЫТОВ, ECOCULTURE-EURASIA ЖШС-НІҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
Бұл бағытта көрсетілген қолдау үшін ресейлік серіктестеріміз де ризашылығын білдіруде. Жастарды Ресейге тәжірибе алмасуға жіберу, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жыл бойы, яғни жылдың төрт мезгілінде де тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.


Жоба әлеуметтік жауапкершілігі жоғары әрі ұзақ мерзімді дамуға бағытталған көзқарастың айқын көрінісі. Әкім жобаға қажетті барлық ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетілетінін жеткізіп, Ecoculture-Eurasia компаниясымен өзара тиімді әрі сенімді әріптестік орнайтынына сенім білдірді.