Ұлттық құрылтай ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды нақты заңнамалық шешімдерге айналдыруымен ерекшеленді. Жиында ұлттық бірлік, әділетті қоғам қалыптастыру, білім мен тәрбие, жастар саясаты және өңірлердің дамуы сынды басым бағыттар қамтылды. Президент ел болашағы үшін жауапкершілікті сезінетін, адал еңбек пен білімді басты құндылыққа айналдырған ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтті. Бұл ойлар жастарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Шымкенттік белсенділердің пайымы осындай.


Ұлттық құрылтайдың V отырысы отбасы мен некенің беріктігін, рухани құндылықтарды және қоғамдағы позитивті ой-пікірді қолдауға арналған маңызды алаң болды. Құрылтайда көтерілген бастамалар жастарды саналы таңдау жасауға, отбасылық жауапкершілікті арттыруға және бірлікті нығайтуға шақырады.


 БЕКДӘУЛЕТ ТАСБОЛАТОВ, Ө. ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Президентіміз мәдениет деген ұғымды тек театр мен музеймен шектемей, ең алдымен адамның дүниетанымы мен ішкі болмысына қатысты екенін атап өтті. Шынында да, кітап оқу – ой-өрісті кеңейтеді, ал мәдениетті болу – көркем мінез бен ұлттық құндылықтарды қастерлеуден басталады.


Бүгінде Ұлттық құрылтай қоғамдық бастамаларды жинақтаудың және оларды мемлекеттік саясаттың басымдықтарымен үйлестірудің тиімді жолы ретінде орнықты. Алдыңғы сессияларда жасалған көптеген ұсыныс заң мен практикалық шараларда көрінісін тапты. Бұл қоғамдық сенімді нығайтады және оларды нақты қажеттіліктерге бағыттайды, – дейді жастар.


НҰРЛАН НҰРКЕРІМ, Ө. ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Салт-дәстүрді саралап, тарих пен рухани мұраны бағалай білу – нағыз мәдениеттің көрінісі. Осы бағыттағы бастамаларды қолдап, әр азамат өз дүниетанымын кеңейтуі керек деп есептеймін. Сондай-ақ құрылтайда халық арасында жиі сынға ұшырап жүрген Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне қатысты өзгерістер айтылды.


Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалардың жүзеге асуы мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігіне негізделген. Мемлекет басшысының реформаларын қолдау – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі шарттардың бірі.