1 ақпаннан бастап елімізде балабақшаларға жүргізілетін тексеріс тәртібі өзгереді. Енді мектепке дейінгі ұйымдарға мониторинг ескертусіз жүргізіледі. Бұл өзгеріс, ең алдымен, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тәрбие беру сапасын арттыруға бағытталған. Баласын бөбекжайға жіберетін ата-аналар бұл жаңалықты оң қабылдап отыр.
Соңғы уақытта балабақшаларда түрлі жағымсыз оқиғалар орын алып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Мұндай жағдайлар бөбекжайларға бақылауды күшейту қажеттігін көрсетті. Енді 1 ақпаннан бастап мониторинг тобы құрылып, олар балабақшаларға ескертусіз тексеру жүргізе алады. Бұл жаңашылдықты баласының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар қолдап отыр.
- Тексеру керек. Өйткені тәртіпсіздік болып кеткен. Балалардың барлығы түрлі жарақат алып жатыр. Инстаграмнан да көріп жүрміз, ине кіріп кеткен жағдайлар бар.
- Тексерістің болғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені түрлі келеңсіз жағдайлар болады. Балалардың қауіпсіздігі мен балабақшалардың тазалығы дұрыс болғаны жақсы. Тәрбиешілер де балаларға дұрыс қарайды деп сенемін.
- Тәрбиешілерге байланысты ғой. Қандай тәрбие береді деген сияқты. Қарсылығым жоқ. Қазір теледидардан түрлі жағдайларды көріп жүрміз. Бұл да бала тәрбиесіне байланысты дұрыс шешім шығар.
Бұған дейін жекеменшік балабақшаларға тексеру Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, ата-аналардың шағымы болған жағдайда ғана және алдын ала ескерту арқылы жүргізілетін.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Сіздердің тараптарыңыздан, қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары тарапынан мониторинг тобы құрылсын. Ол үшін ешқандай алдын ала ақпарат жіберудің қажеті жоқ. Топ мүшелерін ертіп, балабақшаларды аралап қайтуға болады.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек келесі жылы жекеменшік балабақшалардың барлығы лицензиялаудан өткізілетінін айтты. Бұл мекемелердің материалдық-техникалық базасын, санитарлық талаптарға сәйкестігін, қызметкерлердің біліктілігі мен балалардың қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді.