Жыл басынан бері жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ел аумағында синтетикалық есірткі өндірісі бойынша ірі зертхана және екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Polisia.kz-тің хабарлауынша, есірткі өткізудің 118 фактісі анықталған.


Заңсыз айналымнан 325 келі есірткі тәркіленді, оның жартысы синтетикалық есірткі. Сондай-ақ Шымкент қаласында 20 жастағы жігіт ұсталып, одан жарты келіден астам синтетикалық мефедрон тәркіленді. Сонымен қатар, «күшті әсер ететін заттардың» заңсыз айналымы бойынша рейдтік іс-шаралар өткізілуде.


ҚУАНДЫҚ ӘЛЖАНОВ, ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап тізбесі Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін еске саламыз. Тізбеге сәйкес, тұтынушыға қысқа мерзімді эйфория беретін «көңіл көтеретін газ» деп аталатын азот оксиді күшті әсер ететін заттарға жатады. Бірқатар өңірлерде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері азот оксиді бар металл баллондарды заңсыз тасымалдау мен сақтаудың үш фактісін тоқтатты.


Дәрігердің нұсқауынсыз азот оксидін тұтыну елеулі қауіп төндіреді. Өткен жылдары өлім фактілері де тіркелген. Ішкі істер министрлігі «күшті әсер ететін заттардың» заңсыз айналымы үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 301-бабы бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салады.