Түркістанда «Жақсылыққа жетелейтін жандар» атты тағылымды кездесу өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында қолға алынған шара қоғамдағы ананың рөлін дәріптеуге бағытталды. Сондай-ақ отбасы құндылықтарын нығайту, жастарды рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиеге баулу мәселелері де назардан тыс қалмады.


Жиынға арнайы қатысқан филология ғылымдарының докторы Дариға Князбекқызы «Рухани тәрбие – ұлттық құндылық» тақырыбында баяндама жасады. Ол ұрпақ тәрбиесінің бастауы – отбасы екенін, ал ананың мәдениеті мен ұлттық сана-сезімі баланың болашағына тікелей әсер ететінін атап өтті. «Білімді ұрпақ тәрбиелеу – ең алдымен ананың, отбасының жауапкершілігі. Ұлттық құндылықпен сусындаған ұрпақ қана ел болашағын баянды етеді», – деп жастарды ұлттық болмысқа адал болуға үндеді. Кездесуге Аналар кеңесіне қарасты Әжелер ансамблі, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері, студенттік Ассамблея өкілдері, студенттер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сұрақ-жауап пен пікір алмасу барысында маңызды ойлар ортаға салынды. Ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.