Түркістандық оқушылар әскери қызметтің қыр-сырымен танысты. Қаладағы №33 мектепте өткен шара барысында жас буынға патриоттық дәріс оқылып, күш-қуатты Отан қорғау ісіне жұмсау жайы айтылды. Қорғаныс министрлігінен келген мамандар 9–11-сынып оқушыларын әскери академияларға шақырып, оқуға түсу тәртібін түсіндірді.
Отанға қызмет ету – мінезден. Жас, ерік-жігері толыққан кез келген азамат туған еліне қызмет етуі тиіс. Ал әскери саланы таңдау қатаң талаптармен ғана шектелмейді. Түлектерге физика-математика, радиоэлектроника сынды бағыттарды таңдауға мүмкіндік бар.
Алқалы жиында аға буын өкілдері жастарды оқу-білімге құштар болуға шақырып, елдің атын әлемге таныту жолында аянбай еңбек етуге үндеді. Сондай-ақ ілкі буын салған сара жолмен жүріп, ұлтқа адал қызмет етудің маңызын мысалдар арқылы жеткізді.
Айта кетейік, әскери академияға түсу үшін ҰБТ-дан 50 балдан жоғары жинау жеткілікті. Спорттық нормативтерден сәтті өткен талапкерлерге арнайы грант қарастырылған. Ал әскери қызмет өткергендер үшін еліміздің 500 жоғары оқу орнында арнайы келісім негізінде грант алу мүмкіндігі бар.