Көшеде дрон ұшып жүрсе, таң қалмаңыз. Себебі құқық қорғау органдары жол жүру ережелерін ұшу аппараттарының көмегімен бақылап жүр. Мұндай құрылғылар арқылы автокөліктердің ережеге сай қозғалысы, жаяу жүргіншілерге жол берілуі қадағаланады. Сондай-ақ төтенше жағдайлар қызметі де өрттің алдын алу үшін жаңа технологияны тиімді пайдаланып келеді.


Қазіргі таңда дрондардың көмегі полиция мен өрт сөндірушілер үшін тиімді құралға айналды. Ұшу аппараттары арқылы қала аумағында бірқатар құқықбұзушылық анықталып, өрттің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, жол қауіпсіздігін бақылау барысында 11 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.


ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 11 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 9 фактісі және қарсы бағыттағы жолаққа шығудың 2 фактісі тіркелді. Айта кетейік, өткен жылдың алғашқы үш айында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында дронның көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың шамамен 400 фактісі анықталған.


Дрондарды әкімдік өкілдері заңсыз құрылыстарды анықтау мақсатында да пайдаланып жүр. 2025 жылы қала аумағында 5 стационарлық дрон жұмыс істеді. Үш ай бойы пилоттық режимде 350-ден астам қашықтан мониторинг жүргізіліп, соның ішінде өрттің алдын алу мақсатында 43 рет ұшырылған.


МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Одан бөлек, заңсыз құрылыстар мен заңсыз қоқыс алаңдарын анықтау мақсатында ұшулар жүзеге асырылды. Қазіргі таңда пилоттық жоба аяқталып, оның тиімділігі бойынша тиісті басқармалармен бірлесе отырып ұсыныстар әзірлеу үстіндеміз.


Айта кетейік, қалада орнатылған автономды станциялардан дрондар 5 шақырымға дейін ұша алады. Қазір жобаны толық пайдалануға енгізу жұмыстары жүргізілуде.